2026 жылғы 15 наурызда еліміз үшін аса маңызды саяси оқиға – республикалық референдум өтеді. Бұл – әр азаматтың ел болашағына тікелей ықпал етуіне берілген тарихи мүмкіндік. Референдум – халықтың еркін білдірудің, демократиялық қағидаттарды нығайтудың тиімді тетігі.
Қазақстанда референдум өткізу тәжірибесі бар. Атап айтқанда, 2022 жылы елімізде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық дауыс беру өткен болатын. Ол кезде халық елдің саяси жаңғыру бағытын қолдап, жаңа кезеңге қадам басты. Биылғы референдум да – мемлекетіміздің одан әрі даму жолындағы маңызды белес.
Біздің басты құндылығымыз – Тәуелсіздік және тұрақтылық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Референдум – осы бағыттағы жүйелі реформалардың жалғасы.
Астрахан аудандық мәслихаты – жергілікті өкілді орган ретінде тұрғындардың мүддесін қорғап, мемлекеттік саясаттың жергілікті жерде сапалы жүзеге асуына үлес қосып келеді. Мәслихат депутаттары халықпен тұрақты кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, елдік маңызы бар мәселелерге бейжай қарамайды.
Бүгінде еліміздің жетекші саяси күші – Amanat партиясы да саяси жаңғыру үдерістерін жүйелі түрде қолдап келеді. Партияның басты ұстанымы – халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, өңірлерді дамыту. Астрахан ауданында да партия мүшелері мен белсенділері тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, елдік бастамалардың түсіндірілуіне атсалысып жүр.
Алдағы референдум – жай ғана саяси шара емес. Бұл – әр азаматтың азаматтық ұстанымын айқындайтын, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын сәт. Біз бірлігімізді сақтай отырып, мемлекетіміздің тұрақты дамуына үлес қоса аламыз.
Құрметті аудан тұрғындары!
Біз әрдайым заң үстемдігін, қоғамдық келісімді және тұрақтылықты басты назарда ұстаймыз. Референдумға қатысу – бұл тек құқық қана емес, азаматтық парыз. Ел болашағы – баршамыздың қолымызда.
Астрахан аудандық мәслихаты алдағы уақытта да халықпен бірлесе отырып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.
Бірлігіміз бекем, келешегіміз кемел болсын!
Ізгі ниетпен,
Мейрам Қожахмет,
Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы