27/11/2026  Жұма
$124.74 ₽23.52 €458.13

 

6

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, қоғам алдындағы маңызды міндеттерді ортаға салды. Президент өз сөзінде мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту және қоғамдық бірлікті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтуде. Бұл – халқымыз үшін тарихи маңызы зор белес. Осы жылдар ішінде Қазақстан талай қиындықты еңсеріп, өзіндік даму жолын қалыптастырды. Бүгінгі бейбіт өміріміз бен қол жеткізген жетістіктеріміздің артында аға буынның қажырлы еңбегі, төзімі мен табандылығы жатыр. Сондықтан тәуелсіздіктің қадірін түсініп, оны келер ұрпаққа аманаттау – баршамыздың ортақ парызымыз.

Президент Жолдауында елдің болашағы үшін қоғамдағы ынтымақ пен өзара түсіністіктің маңыздылығы атап өтілді. Шынында да, бірлігі бекем ел ғана кез келген қиындықты еңсеріп, алға қойған мақсаттарына жете алады. Қазақ халқы қашанда татулықты ту етіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді өмірлік ұстанымына айналдырған. Бұл құндылықтар бүгінгі қоғам үшін де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Ардагерлер қауымы үшін Жолдауда көтерілген ұрпақ сабақтастығы, білім мен тәрбие, қоғамдық жауапкершілік мәселелерінің орны ерекше. Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, адал еңбекке баулу, үлкендердің өмірлік тәжірибесін үлгі ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Өткенін құрметтеген, тарихын таныған ұрпақ қана болашаққа сеніммен қадам басады.

Сонымен қатар ауылдық жерлердің дамуы, әлеуметтік нысандардың жаңаруы, медициналық қызмет пен білім беру сапасының жақсаруы халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты. Әсіресе ауыл тұрғындары мен аға буын өкілдері үшін қолжетімді медициналық көмек, сапалы инфрақұрылым және әлеуметтік қолдау мәселелері әрдайым өзекті. Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттердің нақты нәтижесін әрбір елді мекеннің өмірінен көру маңызды деп есептеймін.

Біз, аға буын өкілдері, еліміздің қалыптасу кезеңдерін, еңбекпен еңсе тіктеген жылдарын жақсы білеміз. Қандай кезеңде де халықты алға жетелеген күш – бірлік, еңбекқорлық және туған жерге деген сүйіспеншілік. Осы асыл қасиеттерді сақтап, кейінгі буынға жеткізу – ардагерлердің азаматтық жауапкершілігі.

Еліміздің болашағы әрқайсымыздың еңбегімізге, қоғам алдындағы жауапкершілігімізге және өзара сыйластығымызға байланысты. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруда халықтың ұсыныс-пікірі ескеріліп, нақты істерге басымдық берілуі қажет.

Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік, халқымыздың ынтымағы жарасымды, келешегіміз кемел болсын. Өскелең ұрпаққа бейбіт, өркендеген Қазақстанды аманаттау – бәрімізге ортақ міндет.

Жаңбырбай Орман,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

▲