
Қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін нығайтуда аға буынның орны ерекше. Ардагерлер – өмірлік тәжірибесі мол, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, елдің қоғамдық өміріне белсенді араласатын азаматтар.
Бүгінде Астрахан ауданында ардагерлер кеңесі түрлі қоғамдық бастамаларға атсалысып, аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, елді мекендердегі өзекті мәселелердің шешілуіне үлес қосып келеді.
Жақында ауданымыздағы қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып жүрген азаматтармен, оның ішінде «Ауыл» партиясы өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында ауыл тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары жөнінде пікір алмастық.
Мұндай кездесулердің маңызы зор деп есептеймін. Себебі халықтың мұң-мұқтажын, ұсынысы мен талабын тікелей тыңдау – кез келген қоғамдық жұмыстың нәтижелі болуының маңызды шарты. Әсіресе ауылдық жерлерде әлеуметтік мәселелер, елді мекендердің дамуы, жастардың болашағы, еңбек пен кәсіпке қолдау көрсету секілді мәселелер әрдайым назарда болуы қажет.
Ардагерлер үшін елдің тыныштығы мен ұрпақтар сабақтастығы – басты құндылық. Біз кейінгі буынға ақыл-кеңесімізді айтып қана қоймай, қоғамның бірлігін сақтауға, ортақ іске жұмыла еңбек етуге өз үлесімізді қосуымыз керек.
Бүгінгі таңда түрлі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері халықпен ашық пікір алмасып, елді мекендердің мәселелеріне назар аударып жүргені қуантады. Осындай өзара түсіністік пен сындарлы диалог ортақ мақсатымыз – ауылдың әл-ауқатын арттыруға, ауданымыздың дамуына қызмет етеді.
Біздің күшіміз – бірлікте. Аға буынның тәжірибесі мен жастардың жігері ұштасқанда ғана елдің ертеңі жарқын болады.
Жаңбырбай Орман,
Астрахан ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы