28/11/2026  Сенбі
$124.74 ₽23.52 €458.13

 

1

Конституция – мемлекеттің құқықтық тірегі, елдің даму бағытын айқындайтын басты құжат. Оның мәні мемлекеттік басқару тәртібін белгілеумен шектелмейді. Ата заң әр адамның қадір-қасиетін қорғауға, қоғамда әділдік пен жауапкершілікті орнықтыруға қызмет етеді. Мен үшін Конституцияны құрметтеу – өз еліңе, оның бүгіні мен болашағына жауапкершілікпен қарау.

Қазақстан Республикасының Конституциясында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде белгіленген. Бұл қағиданың күнделікті өмірде нақты көрініс табуы аса маңызды. Азаматтың өтінішіне мұқият қарау, еңбегін бағалау, ар-намысын құрметтеу, мәселесін заң аясында әділ шешу – осы құндылықтарды жүзеге асыратын нақты істер.

Менің ойымша, құқықтық мәдениет әрқайсымыздың қарапайым әрекетімізден басталады. Қоғамдық тәртіпті сақтау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау, берген уәдеңді орындау, өзгенің пікірін тыңдай білу – азаматтық жауапкершіліктің белгілері. Адам өз құқығын білгенде және басқа адамның құқығына құрметпен қарағанда, қоғамдағы өзара сенім де нығая түседі.

Ата заңда әр адамның Конституция мен заңнаманы сақтау, өзге адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу міндеті бекітілген. Демек, құқық пен міндет өзара сабақтас. Өзімізге әділ қарым-қатынас күткендей, айналамыздағы адамдарға да сондай талаппен қарауымыз қажет.

Бұл мәселеде жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттырудың орны ерекше. Балаларға заңның маңызын түсінікті мысалдар арқылы жеткізген дұрыс. Мектептегі өзара сыйластық, біреудің затын рұқсатсыз алмау, әлсізге қолдау көрсету, интернетте жауапкершілікпен пікір жазу секілді әрекеттер арқылы әділдік туралы түсінік қалыптасады. Үлкендердің сөзі мен ісі үйлескенде ғана мұндай тәрбиенің нәтижесі болады.

Еліміздің дамуына үлес қосу әр адамның өз міндетін адал атқаруынан басталады деп есептеймін. Ұстаздың сапалы білім беруі, маманның жұмысын тиянақты орындауы, азаматтың ортақ мәселеге бейжай қарамауы – қоғамды алға жетелейтін күш. Әділетті орта осындай күнделікті еңбектен, саналы таңдаудан және өзара құрметтен құралады.

Конституцияға құрмет өмірлік ұстанымымыздан көрінуі керек. Ата заңның құндылықтарын танып, оларды іс жүзінде басшылыққа алу арқылы біз елдегі тұрақтылық пен татулықты нығайта аламыз. Мен Қазақстанның болашағын өз құқығын білетін, міндетін орындайтын, адал еңбек ететін және ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын азаматтармен байланыстырамын.

Арман Жапаров

▲