Ақмола облысында сайлау учаскелері ашылды. Алғашқы минуттардан-ақ күнін дауыс беруден бастауды жөн көрген тұрғындар учаскелерге келе бастады. Ең белсенді әрі алғашқы сайлаушыларға арнайы сыйлықтар дайындалды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Сайлау учаскелерінің есігі таңғы сағат 07:00-де ашылды. Арада жарты сағат өткен соң-ақ ұйымдастырушылар алғашқы сайлаушыларды қарсы ала бастады. Акцияның негізгі мақсаты – әр дауыстың маңызын атап өту және сайлау күнінің ерекше атмосферасын қалыптастыру.
Өңірде барлығы 759 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 696-сы азаматтардың тіркелген жері бойынша орналасса, тағы 63 учаске уақытша болатын орындарда құрылған. Сайлау учаскелерінің жұмысын құрамында 4520 адам бар 780 сайлау комиссиясы қамтамасыз етеді. Облыс бойынша сайлаушылар тізіміне жарты миллионнан астам азамат енгізілген.
Бүгін жұмыс орнында жүрген азаматтар үшін де дауыс беруге жағдай жасалған. Биыл алғаш рет үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарының тікелей аумағында үш жаңа сайлау учаскесі құрылды.
Акция барысында жастарға да ерекше көңіл бөлінуде. Сайлау жасына жетіп, алғаш рет бюллетень алған азаматтар үшін бұл күн – өміріндегі маңызды белестердің бірі. Ұйымдастырушылар алғашқы дауыс беруді жастардың есінде жағымды әрі маңызды оқиға ретінде қалдыруға тырысып отыр.
«Алғашқы сайлаушыларды атап өтіп, алғаш рет дауыс беріп отырған жастарды қолдау біз үшін маңызды болды. Бұл күн олардың жадында жақсы әсерлермен сақталса дейміз», – деп атап өтті акция ұйымдастырушылары.
Қазіргі таңда Ақмола облысындағы дауыс беру үдерісі штаттық режимде өтіп жатыр. Сайлау учаскелері тұрғындарды қабылдауды жалғастыруда. Ал алғашқы сайлаушыларды ынталандыруға бағытталған акция сайлау күніне ерекше мән беріп, азаматтардың ортақ іске қатыстылығын сезіндіретін игі дәстүрге айналып келеді.