
15 наурыз күні елімізде маңызды саяси оқиға – республикалық референдум өтеді. Бұл – мемлекетіміздің даму бағытына қатысты әр азамат өз пікірін білдіре алатын жауапты кезең.
Мен ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғап келемін. Бүгінде аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде де, зейнеткер ретінде де қоғам өміріне бейжай қарамаймын. Себебі елдің ертеңі – баршамызға ортақ.
Кәсіподақ ұйымы – еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауды басты міндет санайтын құрылым. Біз әрдайым тұрақтылықты, әділдікті және заң үстемдігін қолдаймыз. Өйткені ауыл еңбеккерлері үшін ең бастысы – тыныштық, береке және сенімді болашақ.
Референдум – халықтың еркін білдірудің тікелей тетігі. Әр азаматтың дауысы маңызды. Бұл – тек құқық қана емес, үлкен жауапкершілік. Осындай сәттерде біз ел тағдырына бейжай қарамай, саналы шешім қабылдауымыз қажет деп санаймын.
Тәуелсіз еліміздің дамуы, ауыл-аймақтың өркендеуі, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайының жақсаруы – бәрі де бірлігіміз бен белсенді азаматтық ұстанымымызға байланысты.
15 наурыз күні өтетін референдумда әрқайсымыз ел мүддесін бәрінен биік қоя отырып, өз таңдауымызды жасаймыз деп сенемін.
Айса Мұсатаев,
аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы, зейнеткер